top of page

Жолдауды насихаттау партияның да басты жұмысы болмақ

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова Ақмола облысындағы жұмыс сапарын «Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалының активімен кездесуден бастады. Мұның да өзіндік сыры бар. Себебі, халық қалаулысы осы өңірге әр келгенінде алдымен өз партияластарымен кездесіп, сыр-сұхбат құрады.

Ол ақжолдық әріптестерінің алдында сөйлеген сөзінде: «Бүгін Елбасымыздың  Жолдауын  насихаттау  үшін сіздермен пікір алмасуға  келіп  отырмын. Биылғы Жолдаудың өзіндік маңызы бар. Мұнда  жалпы экономика мен қоғам жаңғыруының жаңа кезеңіне қадам басуды ғана емес, сонымен бірге азаматтардың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту аталған стратегиялық құжатта көрсетілген жаңа әлеуметтік саясаттың негізі болып табылады.

Біздің еліміз шикізатты экспорттайтын негізгі салаларға ғана емес, жаңа жоғары технологиялық, озық салаларға да негізделген экономикалық өсудің жаңа моделіне көшетін болады. Сондықтан экономикадағы серпіліс әрбір қазақстандықтың өмір сапасын жақсартуға ықпал етері анық және Қазақстанның жаңа экономикалық,  әлеуметтік және саяси даму бағыты еліміздің азаматтарына ерекше серпін берері сөзсіз» деді.

Одан әрі жаңа Жолдаудың басымдық сипаттарына жан-жақты тоқталды. Сөз арасында Елбасының мемлекеттік билік тетіктерін бөлу жөніндегі бастамасымен де бөлісті. Бұл экономиканы ғана емес, саяси арнаны да жаңғыртуға айрықша назар аударылғанын көрсететіні атап көрсетті.

Жергілікті филиалдың актив мүшелері де ой бөлісіп, пікірлерін ортаға салды. Филиал төрағасы Серік Бейсембаев,  «Қарсақ»  серіктестігінің директоры Баржақсы Жақанов, «Арт Көкше» кәсіпорнының жетекшісі Әділбек Ғабдуллин, «Сауда пласт» компаниясының директоры, «Ақ жол» партиясынан Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Ғалымжан Копишев және тағы басқалары тың пікірлер білдірді. Олар Елбасы Жолдауын бір ауыздан қолдайтындықтарын, өздері басқаратын кәсіпорындарды жаңа заманның талабына сай өркендетіп, ел экономикасының өрлеуіне үлес қосатындықтарын айтты.

Меруерт Қазбекова  Ақмола облысында он шақты күн іс сапарда болып, өңірлерге шығып, Елбасы Жолдауының мәні мен маңызы жайлы халықпен кездесулер өткізуді межелеп отыр.  Жолдауды халыққа жеткізу саяси партиялардың да басты міндеті болмақ.

Бақыт Смағұл,

Ақмола облысы.

Экономикалық жаңғыру – елді өркендетудің кепілі

Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасының мәжіліс залында Елбасы Жолдауын талқылауға арналған шара өтті. Бұған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова қатысып, кәсіпкерлер алдында аталған Жолдаудың маңызды сипаттары жайлы әңгімелеп берді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы ел халқына арнаған Жолдауы аса астарлы да, маңызды екенін көреміз. Әлем жаһандық дағдарыстың ауыртпалығын бастан өткеріп жатқанда, одан қалай шығамын деп жанталасқа түскен мемлекеттер ішінде біздің де еліміз бар.  Бұл үшінші экономикалық жаңғыру ұғымымен кеңінен насихатталу үстінде.

Халық қалаулысы Жолдаудың алдағы кезеңдерде дамудың басым бағыттарын анықтап берген құжат екенін баса айтты. Мұндай дағдарыстан екінің бірі оңайлықпен шыға алмасы анық.  Елбасы осы Жолдауында: «Болашағын айқындап, сын –қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді» деп атап көрсетті.

Міне, әлемде  төртінші өнеркәсіптік революция бастау алды. Бұл сын-қатерлердің астарында экономиканы дамытуға мүмкіндік беретін сәттердің де қылаң беретінін ұмытпау керек. Кәсіпкерлер алдында сөйлеген сөзінде Меруерт Қазбекова осы жайға баса назар аударды. Ешкім бұл ұлы дүрбелеңнен сырт қалмайы тиіс. Әркім өз әлінше үлес қосуы керек.

Бүгінде сандық үкіметті жаңа сипатта дамыту мен жүзеге асыру жайы Жолдауда көрініс тапты. Жаңа индустриялар қалыптастыруда инновацияларды қолдау мен өмірге енгізу талап етілетіні деп аталып көрсетілді.

Жалпы, экономика негізінен кәсіпкерлік саланы қарышты дамытумен тікелей байланысты екенін ұмытпау керек. Елбасы осы Жолдауда Үкімет пен әкімдерге  биылғы жылдың шілде айына дейін бизнесті қайта реттеу жөнінде шаралар әзірлеуді тапсырды. Сонымен бірге, осы салаға қатысты заңдарды жаңа талаптармен толықтыру жайы да көтерілді.

Парламент өкіліне өз ұсыныс-сауалдарын жолдағандар көп болды. Алдымен, «Автобус паркі» кәсіпорнының басшысы, Көкшетау мәслихатының депутаты Әсия Шәрімова сөз алып,  жолаушылар тасылмалымен айналысатын кәсіпорындарға қосымша құн салығынан жеңілдіктер қарастыру жайын сұрады.

Бұған Меруерт Қазбекова салықтың бұл түрін теңгермелі жүйесін жасауға көп ұсыныстар жасалып жатқанын, Жолдауда да бұл мәселе кеңінен қозғалғанын айта келе, алдағы уақытта бұл өз шешімін табуға тиіс екенін еске салды. Себебі, бізде салық көбіне өндірген өнімге салынады, ал, оның қоймада өтпей жатқанын ешкім ескермейді. Сатылмаған өнімнен салық алынса да, ол қоймада жылдар бойы жата беруі мүмкін. Сондықтан бұл бағытта кәсіпкерлер мүддесі ескерілуі тиіс деді ол.

Ал, «Көктерек» серіктестігінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Нартай Ысқақов Елбасы Жолдауында айтылған жаппай кәсіпкерлікті дамыту мәсесесіне байланысты өз ойын ортаға салды.  Қазір ауылды жерде бизнесті дамытуға кедергі келтіретін тосқауылдар да аз емес. Осының барлығы заң қабылдау кезінде назарға алынса деген ұсынысын айтты.

Бұдан басқа да көптеген мәселелер көтеріліп, оған толымды жауаптар алынды. Шешуін таппаған кейбір ұсыныстардың депутаттық сауал кезінде көтерілетініне сендірді халық қалаулысы.

Осылай Меруерт Қазбекова ақмолалықтармен кездесіп, Елбасы Жолдауының маңызды құжат екені жөнінде ой бөлісті. Бұл ел дамуының жаңа бағытын көрсететін құжатты орындау мемлекеттік мекемелердің ғана емес, кәсіпкерлердің де басты міндеті. Бұл Жолдаудың басым бөлігінде экономика мен бизнесті дамыту басты назарға алынады. Демек,  экономикалық жаңғыру – елді өркендетудің кепілі екенін қаперде ұстау баршаның ортақ міндеті дер едік.

Бақыт Смағұл.

Елбасы үндеуі мен Жолдауы кең талқыға түсті

Ақмола облыстық «Қазақстан – 2050»  демократиялық күштер коалициясының  кезекті отырысы Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың жақындағы мемлекеттік билік тетіктеріндегі өкілеттіктерді қайта бөлу және ел халқына арнаған Жолдауы жайында болды. Бұл шараға облыстағы барлық саяси партиялар мен өкіметтік емес ұйымдар жетекшілері қатысты. Ақмола облысында арнайы жұмыс сапарымен жүрген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Парламенттегі Экономика және өңірлік даму комитетінің хатшысы Меруерт Қазбекова қатысып, сөз сөйледі.

Бұл басқосуға төрағалық еткен «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық коалиция төрағасы Ғалым Бекмағамбетов ел өміріндегі осынау айтулы оқиғалар жайлы кіріспе сөз сөйледі. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік билік тетіктеріндегі өкілеттік пен экономиканы жаңғыртуды көздеген Жолдаудың маңызды қырларын сөз етті.

Парламенті өкілі Меруерт Қазбекова Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың  биліктің жүйесіне жаңалықтар енгізу жөніндегі үндеуінің аса астарлы екенін атап көрсетті. Бүгінде Парламент пен Үкіметтің билік тетіктерін нығайту арқылы биліктің өміршеңдігін уақыт талабына сай реформалау маңызды болып табылатынын айтты. Бұл кездейсоқтық та емес. Біз тәуелсіздіктің ширек ғасырын артқа тастадық. Алғашқы өтпелі кезеңдерде мықты президенттік билік аса қажет болды. Бұл өз жемісін де берді. Енді жаңа заманға сай бұл салада да жаңалықтар енгізілуі маңызды деді ол.

Сонымен бірге, Елбасы Жолдауында айтылған экономиканы дамытудың жаңа бағыттарының басымдықтары кеңінен сөз болды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз Жолдауында: «Әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді. Бұл-жаңа жаһандық болмыс, оны біз қабылдауға тиіспіз. Болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді.

...Бізде уақыт талабын лайықты қабыл алып, елімізді одан әрі жаңғырту жөніндегі  міндеттерді орындаудан басқа жол жоқ» деп ата көрсеткен еді.

Шынында, бұл үлкен серпілістерге негіз болуы керек. Ел мүддесі жолында бұған әркім үлес қосуы тиіс.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша ҚКХП Ақмола облыстық комитетінің хатшысы Бейсенбай Мәжитов, «Ақмола облыстық ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, Ақмола облыстық мәслихатының депутаттары Әлібек Баймағамбетов пен Нартай Ысқақов және тағы басқалары өз ойларымен бөлісті.

Онда қоғамды жаңа жаңғыруға лайықты дайындау мен  белсене атсалыстырудың маңызды жақтары айтылды. Әсіресе, ауылды жерде кәсіпкерлік пен шаруа жүргізудің басқа да түрлері бойынша жұмыс істеу кеңінен әңгімеленді. Жалпы, кім ел экономикасын көтеруге үлес қосады, олардың барлығына мемлекеттік қолдау жасалатынын баса айтқан жөн.

Ең бастысы, Жолдауды насихаттау ісіне саяси партиялар да белсене кірісетін анық. Бүгінгі отырыста саяси демократиялық күштердің бар ынта-ықыласын осыған аудару керектігі тілге тиек етілді.

Иә, Елбасы Жолдауы жарияланды. Мемлекеттік билік тетіктерін де бөлу көзделеді. Енді әркім бұл саяси және мемлекеттік науқаннан сырт қалмауы тиіс. Депутаттар заң шығару ісінде жаңа құзырларды иеленетін болса, атқарушы билік дербестік қағидаттары негізінде өз жауапкершіліктерін күшейтетін болады. Бұл елдің экономикалық және әлеуметтік дамуының кепіліне айналады деген сөз.

Бұл біздің еліміз үшін де маңызы зор құжат. Азаттығымыз асқақ болсын десек, бірлік пен ынтымаққа да баса көңіл бөлген жөн. Бүгінгі күннің басты талабы да осыған саяды.

Бақыт Смағұл.

Туристік өңірдің мәселесі де көп

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова Елбасы Жолдауын насихаттау мақсатында Ақмола облысының Бурабай ауданында жергілікті кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Бұл кездесуді Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Мәликә Нұрпанова ашып, кіріспе сөз сөйледі.

Әңгіме бизнес партиясы ретінде кәсіпкерлер мүддесін қорғау мәселесіне ғана қатысты емес, Елбасы Жолдауында негізгі көтерілген мәселе экономиканы жаңғырту жайы болғандықтан жергілікті жерде қаржылық әлеуеттің жақсаруына ықпал ету бағыттары кеңінен талқыланды.

Халық қалаулысы осы жылдар ішіндегі екі экономикалық жаңғыруға да тоқталып өтті. Ал, бұл жолғы жаңғырудың маңызы зор. Бүгінгі жаһандық дағдарыс кезінде одан мүдірмей шығудың жолын қарастыру болып табылады.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде мұндай жаһандық дағдарыстар  экономикалық өрлеуге мүмкіндік беретінін де естен шығармауды тапсырған еді. Сондықтан ел экономикасын жаңа заманға лайықтап дамыту үшін ең алдымен жаңа технологияларға негізделген салаларды өркендетуге көңіл бөлінуі тиіс.

Біз осы күнге дейін кешегі кеңес дәуірінен қалған ескі экономиканы жаңалап, тәуелсіз елдің қарқынды дамуына серпін бергіздік. Енді ешкім жасамаған жаңа өндіріс түрлеріне ден қою арқылы мемлекеттің әлемдегі дамыған отыз елінің қатарына қосылуына жол ашамыз.

Меруерт Қазбекова жиналғандарға мемлекеттің кәсіпкерлікке ерекше қолдау жасап келе жатқанын тілге тиек етті. Бұл қолдау енді бұдан да өріс алып, жаппай кәсіпкерлікті дамыту арқылы көрініс табатынын атап көрсетті. Ешкім елдік істен сырт қалмауы тиіс. Бизнес түптің түбінде жалпы ұлттық өнімнің елу пайызын иеленуі керектігі жөнінде де келелі міндеттер қойылып отыр.

Бурабай – өңірдегі туризмнің ошағы іспеттес. Мұнда кәсіпкерлікті дамытуға үлкен мүмкіндіктер бар. Жолын тапқандар өзін де қамтып, өзгеге де жұмыс тауып беріп отыр. Бұл өңірде мұндай іргелі кәсіпорындар жетерлік.

Ақжолдық депутат облыстағы іргелі құрылыс компаниясының директоры, Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Ғалымжан Копишевті де осыған үлгі етті. Кәсіпкер жігіт сөз алып, бизнесті дамытуға мемлекет тарапынан қаншама жақсы бағдарламалар қабылданып жатқанын мысал ретінде айтты.

Ал, «Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалының төрағасы Серік Бейсембаев та  жаңа экономикалық жаңғыртудың басым бағыттарын жан-жақты айтып берді.

Өз кезегінде кәсіпкерлер өздерін толғандырған сауалдарын жолдады. Олар мемлекет тарапынан берілетін қолдау қаржы бағдарламалары жөнінде сұрады. Заң шығару барысында жергілікті кәсіпкерлердің мұң-мұқтажына қатысты кедергілерді алып тастау үшін нормативтік талаптар енгізуді сұрады. Сонымен бірге, монополиялық кәсіпорындар тарапынан әлі де болса тосқауылдар көп екенін атап көрсетті.

Меруерт Қазбекова осы мәселелерді тыңдай келіп, әр сауал жан-жақты сараланып, тиісті шешім шығарылатынын жеткізді. Ең бастысы, Елбасы Жолдауы осы елді толғандырған мәселелерге жауап беретінін, ол үшін әркім өзінің белсенді кейпін танытуы аса қажет екені баса айтылды.

Бақыт Смағұл.

Ауыл тұрғындары бір серпіліп қалды

Сымсыз ақпарат қанша жедел дегенімізбен, ауылдың бұйығы халқы кейде көштен кейін қалып жататын кездері бар. Бірақ, Елбасы Жолдауы орталық телеарналар арқылы кеңінен таратылмай,  жазбаша ұсынылса  да,  ауыл тұрғындары бұл құжаттан құлақдар болып бір серпіліп отырғанын байқадық. Бұл Бурабай ауданының Кенесары ауылындағы кездесу кезінде анық аңғарылды.

Бұл елді мекен кезінде күре тамыр жолдың бойында болғандықтан кәсіпкерлікті кеңінен насихаттаған ауыл саналатын. Қазір автобан жолы айналма арқылы өтсе де, ауыл әлі де ертеңінен үмітін үзген емес.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова бұл ауыл тұрғындарымен болған кездесуінде Елбасы Жолдауының маңызды қырларына кеңінен тоқталды.

Әсіресе, ауыл тұрғындарына жаппай кәсіпкерлікпен айналысуға айқара жол ашылып отырғанын, оларға қаржылай қолдау жасалатыны атап көрсетті. Тіпті, берілетін несие қаржыға мемлекеттік кепілдеме жасалатыны бұрын-соңды болмаған жағымды жағдайлар. Сондықтан әркім өз ертеңін ойлауы керек. Мемлекетке алақан жаятын уақыттың өткені де белгілі.  

Кенесары ауылындағы кездесу еркін пікір алмасу тұрғысында өтті. Ауыл тұрғындары ойындағысын жасырмай айта алады. Мысалы, Моңғолиядан келген қандасымыз Тыңхан Ілиясұлы өзінің тарихи Отанына келгеніне он төрт жыл өтсе де, осындай деңгейдегі халық қалаулысының алғаш рет келіп отырғанын жасырмады.

Ол ауыл халқы өз күнін өзі көру үшін оларға жағдай жасалса деген тілегін жеткізді. Мысалы, ауылдықтар мал ұстауға ынталы. Бірақ, елді мекендер жанында жайылымдық жерлер жоқтың қасы. Ел-жұрт аман, бейбіт өмірге тәубе ететінін де айта келіп, айтылған уәжін сын тұрғысында емес, тілек ретінде қабылдауды сұрады.

Тағы бір ауыл тұрғыны өзінің жергілікті элеваторда қырық жыл еңбек етіп, ауылда тұрса да, жер пайын осы күнге дейін ала алмағанын жеткізді. Енді бірі ауылда тұру оңай емес. Билік басындағылар зейнет жасын төмендетсе дегенін де халық қалаулысына айта бар деп аманат етті.

Жалпы, ауыл экономикалық дамудың арнасы екенін жасыра алмасақ керек. Бірақ, жастар жағы ауылда тұрақтамайды. Егер экономика жаңаша жаңғыртылатын болса, ауылдықтарға да серпін береді деген сөз.

Бақыт Смағұл.

Сандықтаулықтар Жолдауды қолдайды

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова бір аптадан бері Елбасы Жолдауын насихаттау және түсіндіру мақсатында Ақмола облысының аудандарын аралап жүр. Бүгін ол Сандықтау ауданының орталығында жергілікті тұрғындармен келелі кездесу өткізді.

Бұл басқосуға негізінен жергілікті кәсіпкерлер келген екен. Атқарушы биліктің өкілдері де қатысты. Сөз кезегі Меруерт Қазбековаға беріліп, ол Елбасы Жолдауының аса маңызды бағыттары жайлы терең әңгіме қозғады. Әсіресе, еліміздің жиырма бес жылда жүріп өткен жолы да сараланып, экономикалық жаңғырулардың қаншалықты ықпал-әсері болғанын көрсеткіштермен тілге тиек етті.

Ал, бұл жолғы Жолдау негізінен үшінші экономикалық жаңғыруға арналады. Үшінші жаңғыру деген жай айтыла салған сөз емес. Оның астары терең, қазіргі жаһандық дағдарыстан елімізді сүріндірмей алып шығуға негізделеді. Бір қарағанда,  дағдарыстан шығу  қаншама күш-жігерді қажет ететіні бар. Депутат осы орайда кәсіпкерлер қауымына үлкен жауапкершілік жүктелетініні атап көрсетті.

Ол үшін елімізде барлық жағдайлар жасалған. Енді Жолдауды жүзеге асыру аясында бірнеше заң актілеріне өзгертулер енгізілмекші. Салық, монополияға қарсы, бәсекелестікті дамыту, осының барлығы өміршең салалар болып табылады. Халық қалаулысы Парламенттің заң шығару жұмысынан да Жолдауға орайластырып, хабардар етті. «Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттық сауалдары жөнінде де жан-жақты айтып берді.

Бүкіл дүние қаржы дағдарысының шырмауына түсіп, қалай шығудың қам-қаракетінде. Біз сияқты дамудың енді ғана қарқынына түскен елдерге де оңай соғып отырған жоқ. Сондықтан Елбасы Жолдауында осы заманғы технологияларды кеңінен қолдану, ципрлық әлеуетті пайдалану,бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамыту басты назарға алынады.

Бүгінде әлемде табиғи таза, әрі сапалы ауыл шаруашылығы өніміне деген  құлшыныс басым. Бұл біздің аграрлы елімізге де мол мүмкіндіктер береді. Сандықтаулықтар бұған ынта-ықылас аударып, мемлекеттік қолдау жайында сауалдарын да көбірек қойып жатты. Оған Меруерт Қазбекова арнайы заң мен бағдарламалар аясында толымды жауаптар қайтарды.

Тұрғындар тарапынан қазіргі әр саладағы айыппұлдың көбеюіне алаңдаушылық білдірді. Өз кезегінде кәсіпкерлікті тұсайтын, адымын аштырмайтын кедергілердің де жоқ еместігін атап көрсетті. Сондықтан Елбасы Жолдауы бұл бағытта бізге жаңа көзқарасқа негізделген бағыттарда жұмысты ширатуды ұсынады.

Жолдауда өмірдің барлық саласына қатысты тұжырымдар бар. Жастарды техникалық мамандықтарға оқыту, ауылдағы білім мен денсаулық сақтау жүйелерін жақсарту, еңбек адамына қамқорлық жасау жайы да айтылады. Жолдау жарияланды, енді оны үлкеніміз бар, кішіміз бар, орындауға күш салғанымыз дұрыс. Ел өзіміздікі, бізге ешкім «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманды орнатып бермейді. Әркім өзін-өзі асыраудың жолын тапса, сол елдің де өркендеуіне үлес қосқаны беп түсіну керек. Ол үшін қаладағы адамдар да масылдық пиғылдан арылып, ауылдағы ағайын да аз-маз мал асырап, көкөнісін егіп, өз отбасы қамы  үшін еңбектенсе, ертең-ақ көсегеміз көгеретін болады.

Халық қалаулысы Меруерт Қазбекова сандықтаулықтардың ертеңгі күнге деген зор сенімдерін көріп, сапарын аяқтады. Бірақ, ол алдағы күндері тағы бірнеше аудандарды аралап, жергілікті халықпен кездесулер өткізетін болады.

Бақыт Смағұл.

Жергілікті кәсіпорынды аралады

Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова Сандықтау ауданындағы жұмыс сапары кезінде жергілікті жеке кәсіпкер Берік Қанафиннің «Қанағат» туристік кешенінде болды. Бұл осы бір ағашы жайқалып, ну орманы қалың өңірдің тартымды табиғатын тамашалауға келетіндерге қызмет көрсетеді.

Сандытау жерінде спорттың қысқы түрлері де жақсы дамығанын білеміз. Кезінде Калгари олимпидасында  кеңес мемлекетінің командасы қоржынына жүлде салған атақты Сахнов та осы өңірде шаңғы спортына машықтанған еді.

Депутат туристік кешеннің әлеуеті үлкен екенін көріп, қызмет көрсету аясын кеңейтуді ұсынды.  Жаңа заманның талабына лайық ырысыңды көбейтуге болатынын да атап көрсетті. Ең бастысы, еңбекке деген ықылас болуы тиіс.

Ал, осы кәсіпкердің бұдан басқа құрылыс материалдарын, оның ішінде жиһаз шығаратын цехында болып, заман талғамына сай бірнеше жиһаз түрлерін шығаруды қолға алғанын көрді. Бұл да жергілікті сұранысты осылай өз күшімізбен толықтыруға болатыны көрсетеді. Сырттан тасылатын өнімдердің барлығы сапалы бола бермейтіні анық жай. Ал,  осылай  тұрғындар ұсынысына орай жиһаз шығару жақсы кәсіптің бірі екенін де айтқан жөн.

Кездесу соңында Меруерт Қазбекова кәсіпкерге алдағы жұмысына табыс тілеп, Елбасы Жолдауына орай бизнесті жаппай дамыту бастамасына үлес қоса беруіне тілектестігін білдірді.

Бақыт Смағұл.

Зерендінің де туризмді дамытуға әлеуеті зор

«Қазақстан Швейцариясы» атанған табиғаты сұлу Бурабай бүгінде іргедегі елордаға сырттан келетін қонақтардың тамсанып тамашалайтын бір орыны болып отыр. Соңғы жылдары мұнда туризмді дамыту жақсы қолға алына бастады. Бірақ, бұл бастама серпін алып кете алмай жатқанын да айту керек.

Көкшенің тағы бір әсем өлкесі – Зерендінің де күміс көлі мен кербез табиғаты туристер көп келетін өңірдің бірі саналатынын жоққа шығара алмасақ керек.  Осы өңірде арнайы жұмыс сапарымен болып, Елбасы Жолдауын насихаттауға келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова жергілікті кәсіпкерлермен кездесуінде осы мәселелерге жан-жақты қанықты.

Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасы Зеренді аудандық филиалында өткен бұл басқосуды аудан әкімінің орынбасары Айдос Хамиев ашып, жүргізіп отырды. Ол кіріспе сөз сөйлеп, депутатты өңірде кәсіпкерлік саланың даму көрсеткіштері жакйлы хабардар етті.

Өткен жылы Зеренді ауданында барлығы 82 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Бұл 230 жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік берді. Қазір өңірде ауыл шаруашылығы және экономиканың басқа салалары бойынша жаңа жобаларды жүзеге асыруға назар аударылып отыр. Бір жағынан, Елбасы Жолдауында кәсіпкерлікті жаппай дамыту басты назарда ұсталып отыр.

Халық қалаулысы бұл өңірде туризмді дамытуға әлеует өте жоғары екенін баса айтты. Сондықтан бизнесте жүргендер және оны бастауға ынталы тұлғалар ештеңеден қорықпай, белді бекем буып, іске кіріскендері жөн. Себебі, қазір аталған Жолдаудан кейін бұл салада үлкен серпілістер болады.

Кәсіп ашып, еңбектенемін дегендерге де барлық қолдау жасалады. Мысалы, бизнесті бастайтындарға арнайы негізде тегін білім беру, оның бизнес жоспарын жасау арқылы миллиондаған теңге қаражат беру көзделіп отыр. Ең бастысы, олардың кепілдемесін 85 пайызға дейін мемлекет өз мойнына алады. Бұрын-соңды мұндай жағдай болып па еді.

Меруерт Қазбекованың тағы бір назар аударған мәселесі – ауылды жердегі адамдардың өз әл-ауқаттарын жақсартуы үшін талпыныс жасаса деген сөзі болды. Иә, әр адам мал асырап, күн көріс жасағысы келеді. Бірақ, жайылымдық алқаптардың болмауы бұған кедергі болатынын да айта келе, қазір елімізде жайылымдық жерлер туралы жаңа заң қабылданатынын еске салды. Әсіресе, елді мекендер маңайындағы жайылымдық жерлер ешкімге сатылмайды, жалға берілмейді.

Жалпы, бұл Жолдаудың жаңалығы көп. Мұнда ципрлық технологияны, сырттан әкелінетін жаңалықтарды саралау және өзіміздің отандық өнімді экспорттау және тағы басқалары көрініс тапқан. Жолдай жарияланды, енді оны орындауға барлығымыз бір кісідей атсалысайық деген тілекпен ол сөзін аяқтады.

Жергілікті кәсіпкерлер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, оған толымды жауаптар алды.

Бақыт Смағұл.

Дәрігерлер Елбасы Жолдауына қолдау білдірді

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова Зеренді аудандық ауруханасында болып, оның ұжымымен кездесу өткізді. Ол дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің қызметтік және тұрмыстық жағдайын сұрап білді. Ауруханадағы медициналық құрал-жабдықтармен жарақтану мәселесіне де назар аударды.

Халық қалаулысы Елбасы Жолдауының басты талаптары жайлы кеңінен әңгіме қозғады. Бұл құжаттың қазіргі жаһандық дағдарыс кезіндегі маңызды сипаттарын айта келе, ел экономикасын көтеру арқылы  тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға жол ашылатынын атап көрсетті.

Биылғы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап күшіне енетін міндетті медициналық сақтандыру заңына да тоқталып өтті. Бұл медицина мекемелерін қаржыландыру мен осы заманғы құралдармен қамтамасыз етуде мәселені шешуге ықпал ететінін тілге тиек етті. Ең бастысы, адамдар сапалы ем алып, тегін қызметтерге ие болады.

Еліміздің фармацевттік қызмет көрсету бағытында мемлекеттік реттеуші кәсіпорын дәрі-дәрмекті сырттан қымбат бағаға тасып, жеке бастың қамын ойлағанын, жақында осы мекеменің басшылары Елбасы тапсырмасымен қызметтен қуылғанын да еске салып өтті.

Енді  жаңаша өмір сүрудің талаптарын барлық салада енгізу талап етіледі. Дәрігер мамандардың жетіспеушілігін жою және оларды тұрғын үйлермен қамтып, әлеуметтік қолдау жасаудың  түбегейлі шешілетініне сенім білдірді.

Меруерт Қазбекова осы жолғы сапарында өзіне көп ұсыныс-тілектерді арқалап кетті. Оны жоғары жерде көтеру өзінің сайлаушылар алдындағы басты міндеті екенін де атап өтті.

Бақыт Смағұл.

Ортақ мүдде болмай іс алға баспайды

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова өзінің Ақмола облысындағы жұмыс сапарын Бұланды ауданындағы кездесулермен түйіндеді. Елбасы Жолдауы осындағы еңбек ұжымдары мен кәсіпкерлер қатысқан басқосулардың негізгі тақырыбына айналды. Ол биылғы жылдың басты құжатын насихаттау үшін келгенін де жалықпай айтумен болды.

Алдымен ол аудан кәсіпкерлері қатысқан жиында Елбасы Жолдауының мәні мен маңызын айтып берді. Себебі, бұл Жолдауда көтерілген негізгі мәселелер экономиканы дамыту, оның ішінде бизнесті енді бір ширек ғасырда  ел табысының елу пайызына жеткізу жайлы болып отыр.

Бұл барлық кәсіпкерлік нысандарға үшкен жауапкершіліктер жүктейтіні де анық. Оларға мемлекет тарапынан мол қаражат бөлініп, қолдау көрсетілетіні де халық қалаулысы тәптіштеп жеткізуге тырысты.

«Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан - 2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ» деген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөздерін келтіре отырып, Жолдаудың алдымыздан кезіккен дағдарыстардан ғана шығудың арнасы болмайтынын, ол біздің елдің келешегіне үлкен серпін беріп, жаңа биіктерге жетелейтінін атап көрсетті.

Жолдауда басымдық берілген бірнеше бағытты баса айтты. Оның ішінде Ұлттық банктің құзыры жайлы, оның ендігі жерде қаражат саясатымен ғана айналыспай, экономиканың дамуына да Үкіметпен бірге жауап беретінін тілге тиек етті. Бұл Елбасының қойып отырған міндеті саналады. Сондықтан екінші деңгейлі банктер бұрынғыдай несие беріп, оның пайызын еселеумен бірге, экономикадағы тежелістердің белең алатынына тікелей қатысы болатыны сөз жоқ, уақыт талабынан туын отыр.

Шыны керек, біздің экономика алға жылжыған арбаны көз алдыңа келтіреді. Біреуі экономиканы дамыту үшін арбаны ат болып алға сүйресе, енді біреуі арбамен қатарласа жүріп, доңғалағына тас тастап, жүрісін тежесе, тағы біреулері тіпті арбаны артқа тарқыштайды.

Үкімет арба болса, арбаның жүрісін тежегендер кім, ал, артқа тарқандар ше? Демек, банк-сымақтар қарабастың қамымен мұрттары майланғанды ғана ойлайды. Мұндай көзқараспен біздің елдің ауылы алысқа ұзай ала ма?! Ендеше, Ұлттық банкке тегін мұндай жауапкершілік жүктеліп отырған жоқ.

Кәсіпкерлерді аяқтан шалатын монополистер де жаңағы арбаның үстінде отырғандарды елестетеді. Оп-оңай ауыздары аққа тигенді қалайды. Осы жолда заңды да белден басып, ойына келгенін істейді. Өздерінің осы теріс әрекеті бірер кәсіпкердің жұмысын тоқыратпайды. Керісінше, елдің экономикасына  сына қағады.

Міне, Жолдауда айтылған қағидаттар қарапайым тілмен айтқанда осыған саяды. Арбаны сүйреп және итеріп келе жатқандардың  ырғағы бұзылса, ол ел экономикасы үшін қасірет екенін әркім сезінуі тиіс. Ортақ мүдде болмай, іс алға баспайды.

Біз Меруерт Қазбекованың кездесуінен осыны ойға түйдік. Ол қарапайым депутат ретінде емес, заң шығарушы биліктің мүшесі тұрғысында кәсіпкерлер қауымына көп жайлардың бетін ашып айтты. Мысалы, біз Еуразиялық экономикалық одаққа біріксек те, оның басқа мүшелеріне қарағанда асығымыз алшысынан түспей жатқанын да мойындауымыз керек. Себебі, біздің кәсіпкерлердің шығарған өнімдерін Ресей нарығына өткізу қиямет-қайым екенін несіне жасырамыз.

Ал, ресейліктер болса, біздің нарыққа еш кедергісіз өтеді. Мүдделестік, тең құқылық деген қайда қалды. Ел Үкіметіндегілер қайда қарап отыр. Министр болып тағайындалдың екен, ел мүддесі жолында қызмет етуің керек қой. Әлде өз өнімін Ресей шекарасынан асыра алмаған кәсіпкер халықаралық ұйымға тікелей жүгінуі керек пе?! Қалай десек те, бұл бағытта шешілмеген мәселе көп. Сондықтан Елбасы Жолдауын жүзеге асыру үшін Үкіметтегілердің ел ішіндегі құрғақ сөздерінің құны көк тиын. Барлығы іске негізделуі керек.

Осындай ойлар кес-кестегенде жергілікті кәсіпкерлерге еш уәж айта алмасың анық. Ең бастысы, олардың әлгіндей сырттан таяқ жегендері аздай, өз ішімізде атқарушы билік пен монополистер етектен тартса, одан жаңағы кәсіпкер ғана жапа шекпейді. Одан біз бен сіз зиян тартамыз.

Елбасы Жолдауы орындалу үшін берілген бағдар. Яғни, алдағы күндерге деген бағдарымыз айқын. Енді барлығымыз осы бағдар үшін қал-қадірімізше еңбектенсек керек. Бұған биліктегілер де төбеден қарамайды, қарапайым адамдар да тасада қалмайды деп сенемін.

Бақыт Смағұл

Ұстаздар Жолдауды талқылады

Мәжіліс депутаты, Парламенттегі «Ақ жол» ҚДП фракциясының мүшесі Меруерт Қазбекова  Бұланды ауданындағы сапары кезінде Макин қаласындағы №1 орта мектепте ұстаздар қауымымен кездесті. Аталған білім ордасының материалдық-техникалық базасымен және қазіргі білім беру технологиясымен жан-жақты танысты.

Елбасы Жолдауы жайлы әңгімелесіп, пікір алмасты. Бұл құжаттың өмірдің барлық саласын қамтитынын да атап көрсетті. Сосын оған дәйекті мысалдар келтірді. Әсіресе, орта білім алуда техникалық мамандыққа баулу жөніндегі бастаманың да маңызын айтты.

Қазақстанның ширек ғасыр ғұмырындағы небір қиын күндерді бастан өткергенін, жарқын болашаққа талпыныс жасап жатқанын өз сөзіне арқау етті. Білім нәрін сеуіп жүрген ұстаздардың да өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі рөлі аса жоғары баса көрсетті.

Халық қалаулысы осы кездесуінде ұстаздармен емін-еркін пікір алмасуды ойлаған еді. Осыған дейінгі кездесулерінде кәсіпкерлердің қаншама толғақты мәселелер көтергенін, оны жоғары жаққа аманат етіп бара жатқанын айтқан болатын. Бір әттеген-айы, ұстаздар Елбасы Жолдауын талқылау кезінде бір пікір, бір сауал жолдау алмағаны дер едік. Әлде «оппозициялық партияның өкілі, ешқандай сауал қоюшы болмаңдар» деп биліктегілер алдын ала ескертті ме екен?!

Парламент депутаты елордадан еріккеннен келмеген шығар. Елбасы Жолдауын түсіндіріп, елдің де сөзіне құлақ асайын деген болуы керек. Бірақ, осылай «жұмған ауыздарын ашпаған» ұстаздар Жолдауды талқылауға немқұрайлы қарауы жақсылық емес.

Бірақ, Меруерт Қазбекова өңірдегі кездесулерге көңілі толатынын жеткізді. Өзінің де көп әсер алып бара жатқанын да жасырмады. Себебі, елдің болашағы бәрімізді ойландыруы тиіс. Ешкім тасада қалмауы керек.

Бақыт Смағұл.

Балалар орталығы уақыт талабынан шығады

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова  өңірге Елбасы Жолдауын түсіндіруге келсе де, жергілікті әлеуметтік сала нысандарының да жайдайымен танысып қайтты. Бұланды ауданында болған кезде осындағы балалардың ойын-сауық кешеніне де бас сұқты. Мұнда бүлдіршіндер үшін барлық жағдай жасалған.

Кеендегі су бассейні де осы заманғы талаптармен салынған. Балалар ойын да ойнап, суға да шомылып, көңілдерін көтере алады. Ал, арнайы жабдықталған компьютерлік  зал баланың жас ерекшелігіне қарай ойын түрлерін ойнауға арналған.  

Жаттығу бөлмесінде балалар спортқа жаттығады. Оларға асхана да бар. Жергілікті жердегі мұндай кешен өркениетті заманның үрдістері ауылды жерге де жеткенінен хабардар етеді.  Халық қалаулысы кешен басшыларына кәсіптің мұндай түрлерін көбірек аша берудің маңызды екенін айтып берді. Оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулардың аз еместігін атап айтты.

Бақыт Смағұл.

«Көк киттің» кесапаты бізге де жетті...

Ғаламтор бүгінде жақсылықтың ғана жаршысы болмай тұр. Жамандық атаулының да қазаны сарқ-сұрқ қайнаған ошағы екенін жиі көреміз. Ең қорқыныштысы, жас ұрпақ санасын өзінің қара ниет көріністерімен улап, оларды да өз қармағына түсіріп жатқаны дер едік.

«Көк кит» – әлеуметтік желідегі жасөспірімдерді суицитке, яғни, өзіне-өзі қол жұмсауға жетелейтін қаскүнем ойынның біріне айналып отыр. Жақында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев мұндай теріс ағымнан  ата-аналарды сақтандырғанын білеміз.

Сарапшы мамандардың айтуынша, әлеуметтік желідегі «Көк кит» қауіпті ойыны он төрт-он жеті жастағы жасөспірімдерді өзіне тартып, оларға елу тапсырманы орындауды ұсынады екен. Алдымен, оның мүшесі болған бала өз тамырын кесіп, лезвеяның көмегімен киттің суретін салуы керек. Ал, одан әрі осылай өзіне-өзі қол жұмсауға дейін әкелетін әрекеттерді орындауға мәжбүрлейді.

Осыдан аз ғана уақыт бұрын Ресей жолдарында «Жүгір немесе өл!» балалар ойыны да талай қыршын жастың көлік астына түсіп, құрбан болуымен аяқталғанын ғаламтордан естіп, білгеміз. Қазақстанның жол сақшылары да жүргізушілерді сақтандырып, жолда аса абай болуға  үндеген еді.  Бұл психикалық ойынның да астарында әлгіндей суициттік әрекеттер жатыр.

Жол бойында бір бала таяп қалған көліктің алдын кесіп өтеді де, екіншісі осы көріністерді бейнебаянға түсіреді. Алғашқы бала аман қалса, батыр атанады. Ал, жолы болмаса, өмірмен қоштасады.

Әрине, бұл айтуға ғана оңай нәрсе сияқты. Бірақ, мұның астарында адамның психикалық жүйесінің бұзылып, әлеуметтік желідегі әлгіндей қауіпті ойындарға  кірігіп, өміріне төнетін қауіпті де ескермейтін халге жететінін көрсетеді.

Қазір қоғамда келеңсіз көріністер көбейіп, адам өлімі ойыншыққа айналды. Жастарды былай қойып, ересектердің өзі ғаламтордың  өзіне еліткіш арналарына еніп кететінін байқамай қалады. Ал, үйде ата-ананың бақылауынсыз қалған баланың бар ермегі – әлеуметтік желілер екенін несіне жасырамыз. Енді міне, сан түрлі қауіпті ойындар балалар санасын арбап, өз қармақтарына түсіруде. Бұған қарсы қандай қауқар жасауға болады? Бұл сауал бүгінде аса өміршең тұр. Біз жаһандық өркениеттің биігіне өрмелеп келеміз деп қуанамыз. Бірақ, оның астарында адамды аздырып, оның өмірін ойыншық еткен құбылыстар көбейгені өкінішті-ақ. Құрметті ағайын, мына «көк киттердің» біреуін жапқанымызбен, екіншісі әп-сәтте ашылып жатады.  Шынымен, не істейміз?!

Бақыт Смағұл,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

«Ермек Маржықпаевтың жұмысына жақсы баға беремін!..»

Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің Көкшетау қаласы басшысының халыққа есеп беру кездесуінде айтқан шынайы сөзі мен пікірі осыған саяды. Әлбетте, жоғары тұрған басшылықтың жан жылытар сөзі жақсы-ақ. Бірақ, әкім адамға халықтың ақ тілегі мен лебізінен артық ештеңе жоқ. Ендеше, Маржықпаев көкшеліктердің көңілінен шығып отыр деп айта аламыз ба?! Менің де ой-пікірім осы арнада өрбиді.

Бұл пікірді одан әрі қаузау үшін бізге Көкшетау қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне шегініс жасау қажет болады. Бірақ, Көкшетау қаласы дәл бүгінгідей өрлеудің биік белесіне көтеріліп көрген жоқ. Неге? Сонда қаланың дамуы мен өрлеуі ел тізгенін ұстаған әкімдерге ғана қатысты болғаны ма?!

Қазіргі көрініске көз жүгірсек, солай болып та шығады. Басшының іскерлігі мен біліктілігі көп жайды шешеді ғой. Ермек Маржықпаевтың бойында жаңағы екі қабілет те бар болуы мүмкін. Меніңше, ең бастысы, өз туған өлкесіне деген сүйіспеншілік оның қабілет-қарымын еселей түседі.

Алысқа бармай-ақ қояйық, осыдан үш-төрт жыл бұрын облыс орталығындағы көп қабатты үйлерде лифт атаулының есігі тарс жабылып тұратын. Жоғары қабаттарға ентігіп шыққан тұрғындар зарын кімге айтарларын білмей, қолдарын бірақ сілтейтін-ді.

Ал, көп қабатты тұрғын үйлер ауласындағы балалар ойнайтын алаңшалар мен спорт алаңдары туралы сөз қозғау әсте мүмкін емес еді. Сонау бір жылдары жасанды жамылғысы бар спорт алаңы Абылай хан даңғылы мен Сүлейменов көшесінің қиылыс тұсында салынған-ды. Өкінішке орай, қашан көрсең есігі көбіне жабық тұратын бұл спорт алаңына келіп-кететіндер қарасы да көп болмайтын.

Бүгінде осындай балаларға арналған қарапайым алаңдар салу жайлы көзқарас қана емес, істің барысы түбегейлі өзгергенін көреміз. Қазір жасанды жамылғысы бар спорт алаңдары қаланың көптеген тұрғын үйлер аулаларының сәні мен көркіне айналды. Доп теуіп, құмда ойнаған бүлдіршіндерді көріп, қызығасың, сосын осыны жүзеге асырған адамға ризашылық білдіресің.

Әйтпесе, біз небір еңселі инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатырмыз деп ұрандауға әуеспіз. Ал, болашақ ұрпақтың салауатты өмір сүруіне жақсылықтар жасауда кежегеміз кейін тартатыны несі деп ойлайтынбыз. Сонда айналасы бірер жыл ішінде оннан аса әлгіндей спорт алаңдарын салған әкімге алғыс айтуға бола ма?! Әлде, шынында, оның қаладағы өндірісті өркендеткен ісіне қарап бағалағанымыз абзал ма екен?

Сонымен әкім есебіне қатысып, экономикалық көрсеткіштердің қандай дәрежеде екенін де қаныққан едік. Енді осыны экономика тілімен сөйлетіп

көрелік. Қала басшысының сөзі мен ісінде алшақтық жоқ па, әлде ол сөздің емес, істің адамы ма екен?! Бұған да бір назар аударып қарайықшы...

***

...Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың өзінің есеп беру кездесуінде экономиканың нақтылы секторы – өнеркәсіп саласы қарқынды даму үрдісінде болғанын айтты. Былтырғы жылы бұл саламен 89,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілген, бұл осының алдындағы жылмен салыстырғанда 10 миллиард теңгеге артық.

Жаһандық дағдарысқа орай біздің елімізде де экономиканың тежелісі бар. Соған қарамастан қала бойынша жеке көлем индексі 102,9 пайыз көлемінде болғанын да ағынан жарыла айтты. Демек, өндірісті құлдыратпаған екен. Керісінше, алға жылжу көрінісі анық аңғарылады деген сөз.

Біз экономикадағы оң өзгерістерді жаңағы аулалардағы спорт алаңдарымен пайымдамайтынымыз анық. Көбіне инвестиция тілімен сөйлегенді жақсы көреміз. Бұл бағытта өткен жылы индустрияландыру картасы аясында 4,2 миллиард теңгенің үш жобасы жүзеге асыпты. Осының нәтижесінде 300-ден аса тұрақты жұмыс орны ашылған екен.

Ал енді осы жобаларға жеке-жеке тоқталсақ, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен ашылған ауыл шаруашылығы және коммуналдық техникалардың индустриалдық-технологиялық паркі алдымен ауызға алынады. Біз осы кездесудің алдында Парламенттен келген депутатпен бірге бұл кәсіпорында болып, өндіріс әлеуетімен танысқан едік.

Аталған кәсіпорынның жоба құны – 3 миллиард 375 миллион теңгені құрап, жылына 1500-4500 бірлік техника шығару қуаты бар екеніне қанықамыз.

Одан кейін Көкшетау қаласының әкімі өз баяндамасында жылына 4200 тонна өнім өндіретін үш қабатты полиэтилен пленкаларын шығаратын «Асыл арман», жылына 14 мың тонна өнім өндіру қуаты бар «Нәтиже сүт фабрикасы» сияқты жаңа кәсіпорындарды мысал етті.

Бұдан басқа да жаңа жобаларды саралап айтып берді. Бұл ретте өңірдің индустрияландыру картасына Көкшетау қаласы бойынша 21,7 миллиард теңгенің 19 жобасы еніп отырғанын да атап көрсетті. Бұл 1357 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Елбасының экономикадағы үшінші жаңғыру деп аталған биылғы Жолдауында жаппай кәсіпкерлікті дамытуға ерекше назар аударылады. Бұл жай айтыла салған ұран сөз емес. Жолдаудың жүзеге асуына бізде барлық мүмкіндіктер бар және жергілікті билік те бұған барынша ықпал жасауы тиіс.

Жолдау бағдарламасы бойынша Көкшетау қаласында да жаңа бастамалар қолға алынатыны еш жасырын емес. Өткен жылы бұл салада не істелінді деген сауал турасында тағы әкімнің есебіндегі деректерге жүгінеміз.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау үшін өңірлік үйлестіру кеңесі 4,1 миллиард теңгенің 41 жобасын мақұлдады. Жалпы, негізгі капиталға инвестициялар 30,2 миллиард

теңгені құрады. Бұл жыл сайын нақтылы өндіріске қаржы құю көрсеткіші еселеніп келе жатқанын көрсетеді.

Осындай мақсатты іс өз жемісін беріп жатыр. Өткен жылы қала қазынасына 33 миллиард 257 миллион теңге құйылды. Сөйтіп, қала қазынасын толықтыру жүз пайыздан асты. Бүгінгідей әрі-сәрі кезеңде бұл жақсы нәтиже екенін айтар едік.

Қаладағы құрылыс қарқыны бұрын-соңды болмаған ырғақта көрінді. Қаншама биік еңселі көп қабатты үйлердің қаланың әр жерінде қылаң бергені де мұны дәлелдей түседі. Құрылыс саласында барлығы 13,3 миллаирд теңгенің жұмысы жасалыпты.

«Соңғы үш жыл ішінде «Сарыарқа» жаңа шағын ауданында 21 көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді» деп өзінің нәтижелі жұмысын ауыз толтырып айтқан әкімнің сөзін кездесуге қатысқандар жылы қабылдады. Барын бар, жоғын жоқ деудің де жөні бар. Біздің «ауызымызды қу шөппен сүрте бергеніміздің» де еш қисыны жоқ. Ал, қазір бес көп пәтерлі үйлер салынуда. Соныиен бірге, биыл тағы 295 миллион теңгенің 9 көп қабатты үйлер салыну қарастырылады.

Мен басқа да көптеген әлеуметтік нысандар құрылысы жайлы тізбелеп айтуды жөн көрмедім. Мұны көз алдымызда салынып жатқан ғимараттар арқылы да байқаймыз. Бір айта кететін жай, осыдан төрт-бес жыл бұрын Краснояр кентіне шығатын жол бойындағы «Элита» шағын ауданында бір мектептің жоқтығы биік мінберлерден көтерілген еді. Соңғы жылдары қаржы дағдарысына байланысты бұл нысанды салуға нүкте де қойылғанын білеміз. Ал, Ермек Маржықпаев әкім болғалы бұл мәселені шешуге ынталанды. Бұған осы ауданда құрылысы бастау алған оқу-тәрбие орталығы айғақ бола алады.

Бірақ, қарапайым адамдарды коммуналдық саланың жұмысы да толғандырады. Су, жылу және электр жарығы тіршілік өзегі болғандықтан қала басшылығы саланы дамытуды назардан түсіріп көрген емес.

Су арнасын жаңа кешенді жаңғырту бағытында Еуропалық қалпына келтіру банкісімен меморандумға отырып, келіссөз жүргізілгенін атап айтуға болады. Алдағы айларда бұл мақсатқа алғашқы қаражат көзі де түсуі көзделіп отыр. Бұл сонау алпысыншы жылдары салынған ескі құрал-жабдықтарды жаңартуға мүмкіндік беріп, ауыз сапасын жақсартуға жол ашады. «Сексен көлдің» аясында өмір сүріп жатсақ та, бас қаламыз әлі күнге дейін сапалы ауыз суға сұранысын жоғалта алмай келеді.

Жылу кәсіпорындарында да шешілмеген мәселелер жетерлік. Ең бастысы, сонау Көкшетау облысы тараған жылдары-ақ осы заманғы жылу-электр орталығын салу мәселесі көтеріліп, он-он бес жыл бойы әбден жауыр болумен келеді. Бірақ, бұл қала әкімі деңгейінде шешілетін мәселе емес. Мемлекет қолдауының керектігін де білеміз.

Ермек Маржықпаев қала тізгінін ұстап тұрғанда осы толғақты мәселені шешсе деген тілек бар. Сырттан келіп-кетіп жатқан инвесторлардың бірін осы жайға қанықтырып, көздерін жеткізеді деген үміт сәулесі әлі өшкен жоқ. Мұны айтып отырғанымыз, бүгінде Көкшетау республикадағы жылуы

мен электр жарығы ең қымбат қала екенін жоққа шығара алмасақ керек. Ал, аталған жылу-электр орталығы салына қалса, жарығымыз да, жылуымыз да көп арзандар еді.

Көкшетаудың сәулетін асқақтатып тұрған бір көркі – Қопа көлі дер едік. Оның да ластанып бара жатқанын, тазалауға көп қаражат керектігін білмейді емес, білеміз. Айтпақшы, осы шараға қатысқан облыс әкімі Сергей Кулагин бұл жөнінде: «Қаланың су ағар кәрізін жаңалап салмай, көл жағалауындағы жеке меншік үйлерді аластамай, су айдынын тазарту мүмкін емес» кесіп айтқанын құлағымыз шалды.

Біз Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың есебін тыңдап, өңірдегі көп істің тетігі шешіліп, шешімін тапқанына қанықтық. Көшелер түзеліп, көк өскін ағаштар отырғызылып, жаңа демалыс мүйістері салынып жатқаны әкімнің жеке беделі үшін емес шығар. Барлығы халықтың қамы, елдің мүддесі екенін түсіндік.

Сөзіміздің соңында сүйікті қаламыз осы қарқынмен алдағы бірер жылда кісі танымастай өзгеріп жатса, оған таңдануға болмас. «Әкім бол, халқыңа жақын бол!» дейтін қағиданы басты ұстанымы еткен басшы ғана жақсы жетістікке жете алады. Біз сөз еткен әкіміміздің өз халқына жақын болуға тырысатынына еш шүбә жоқ. Себебі, ол ісі мен сөзі бір жерден шығатын әкім екеніне өңір басшысы Сергей Кулагиннің өзі жақсы баға берді. Ал, халықтың бағасы да одан да қымбатырақ болуы тиіс. Демек, екі пайымның бір арнадан шығуы кімнің кім екенін айғақтаса керек. Біздің бағамыз да екеуімен орайлас болса, бұл әкімді мақтаудың емес, онымен мақтанудың бір тілек сөзі деп түсініңіздер. Шыны сол ғой.

Бақыт Смағұл,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Көкшетау қаласы.

bottom of page